Басты жаңалықБілімЖаңалықтар

Мектептерде «Заң және тәртіп» айлығы басталды — Өскемен

Бүгіннен бастап «Адал азамат» бастамасы аясында «Заң және тәртіп» айлығы өз жұмысын бастады. Осыған орай шаһардағы жалпы білім беретін мектептерде құқықтық бағыттағы түрлі шаралар ұйымдастырылуда.

Айлықтың басты мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару. Кездесуге мектеп оқушылары, аға учаскелік полиция қызметкерлері мен ұстаздар қатысты.

Жиын барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқық бұзушылықтың түрлері мен оның салдары туралы кеңінен мағлұмат алды. Мамандар заң алдындағы жауапкершілік, мектептегі тәртіп пен қауіпсіздік мәселелерін түсіндірді.

– Бүгінгі келуіміздің басты себебі – оқушыларға құқықтық ережелерді түсіндіру, мектептегі құқық бұзушылықтардың мәнін ашып көрсету және заң алдындағы жауапкершілікті үйрету. Қазіргі уақытта алаяқтық деректері де жиілеп отыр. Сондықтан бұл тақырыпты оқушыларға түсіндіру аса маңызды, – деді полиция майоры Мәншүк Төлеуханқызы.

Кездесуге қатысқан оқушылар да шараның пайдалы болғанын атап өтті.

– Бүгінгі кездесу жақсы өтті. Өзімізге қажетті көптеген ақпарат алдық деп ойлаймын, – деді 10-сынып оқушысы Айша Нұрасылқызы.

Айта кетейік, «Заң және тәртіп» айлығы аясында мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button