ШҚО-да ең үздік қай клиника?

Өткен жылдың 1 тамызы мен 30 қарашасы аралығында еліміздің барлық өңірлерінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар арасында ұлттық байқау өтті.
Байқау Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалдарының бастамасымен ұйымдастырылды.
Сайыс барысында клиникалар бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша бағаланды. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен халықты қамту деңгейі, пациенттердің шағымдарын азайту, МӘМС мәселелері бойынша тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері, пациенттерді қолдау қызметтерінің тиімділігі, сондай-ақ динамикалық бақылауда тұрған науқастар арасында жедел түрде ауруханаға жатқызу көрсеткіштерін төмендету секілді критерийлер ескерілді.
Сайыс қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында үздік деп танылған медициналық ұйымдар:
1-орын – «Ем Алу Плюс» ЖШС (Өскемен қаласы, Шаяхметов көшесі, 1/3);
2-орын – Өскемен қаласының №1 емханасы (Әуезов даңғылы, 18);
3-орын – Катонқарағай аудандық ауруханасы.



