Жаңалықтар

Шілікті ауылында интернет іске қосылды-ШҚО

Зайсан ауданының Шілікті ауылына ұялы байланыс пен интернет қосылды. Алтын адам табылған тарихи мекеннің тұрғындары бұл жаңалықты көптен күткен еді. Енді ауыл халқы ұялы байланысқа еркін қосылып, ғаламтордың игілігін көре алады.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауданға жұмыс сапары кезінде Шілікті ауылына арнайы барып, Мәжіліс депутаты Ерлан Саировпен бірге тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

Аймақ басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда облыстағы елді мекендердің 98 пайызы интернетпен қамтылған. Барлығы 14 антенна-мұнара орнатылған, соның бірі Шілікті ауылында іске қосылды.

Жергілікті тұрғын Айгүл Досанова ауылға интернеттің келуін ерекше қуанышпен қабылдады.

–Түн ортасында телефоным безілдеп, маза бермей қойды. Қарасам, интернет қосылыпты, бірнеше күннен бері хабарласа алмай жүрген туыстарымнан хабарламалар келіп жатыр екен. Қуанып кеттім. Бұл – шекара шетінде отырған біз сияқты ауылдарға жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Балаларымыз ғаламтор арқылы білім алып, болашақта жасанды интеллектіні меңгеріп, жан-жақты дамиды, – деді ол.

Антенна-мұнараның іске қосылуы шалғай ауыл тұрғындарының байланыс мүмкіндігін арттырып, цифрлық қызметтерге қол жеткізуіне жол ашты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button