ШҚО әкімі Тарбағатай ауданындағы ауыл мектептерінің жағдайымен танысты

Облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов Тарбағатай ауданындағы бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, ауыл мектептеріндегі оқу жағдайымен танысты.
Сапар барысында аймақ басшысы Б.Момышұлы атындағы негізгі орта мектепте, Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейде және Тәуке ауылындағы Т.Тоқтаров атындағы негізгі орта мектепте болды. Іссапар кезінде жаңа оқу кабинеттерінің жабдықталуы, спорт залдары, асханалар мен кітапханалардың жай-күйі қаралды. Сонымен қатар Ақжар ауылындағы Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысы тексерілді. Барлық білім беру ұйымдарында облыс әкімі педагогикалық ұжымдармен кездесіп, материалдық-техникалық базаның жағдайына және оқу процесінің ұйымдастырылуына назар аударды. Балалардың қауіпсіз ортада білім алуы мен сапалы тамақтануын қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауға алынды.
Нұрымбет Сақтағанов ауыл мектептерін қолдау және білім беру жүйесін дамыту мемлекет тарапынан тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
– Президент әр баланың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік жасалуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен. Біздің міндет – заманауи, жайлы мектептерді қамтамасыз етіп, барлық балаларға тең жағдай жасау, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, алдағы уақытта да ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту және білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.



