Өскеменде пәтер жалдау бағасы 23 пайызға өсті

Қазақстанның ірі қалаларында жалдамалы пәтер бағасы қымбаттап жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың сәуірі мен желтоқсаны аралығында ел бойынша 1 шаршы метр тұрғын үйді жалға алу құны 4558 теңгеден 5024 теңгеге дейін өскен.
2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда республика бойынша жалға алу ақысы 13,1 пайызға қымбаттаған. Алайда кейбір жекеленген өңірлерде баға өсімі бұдан да жоғары болған.
—Павлодарда пәтер жалдау бағасы бір жылда 42,9 пайызға, Петропавлда 40,9 пайызға артқан. Ақтөбеде өсім 30,4 пайызды құраса, Өскеменде жалға алу ақысы 23,1 пайызға қымбаттаған,-делінген Ұлттық Статистика бюросының мәліметінде.
Қазіргі уақытта ең қымбат жалдамалы тұрғын үй Алматы мен Астанада орналасқан. Ал облыс орталықтарының ішінде ең арзан пәтер жалдау бағасы Тараз қаласында тіркелген. Мұнда 1 шаршы метрдің орташа құны 2401 теңге.



