Өскемен көшесінде елік жүр

Өскемен көшелерінде тағы да елік жүр. Демалыс күндері қала тұрғындары әлеуметтік желілерде Гавань ауданының маңында адасып жүрген жануардың видеоларын жариялап, көпшіліктің назарын аударды.
Бұл қаладағы тіркеліп отырған алғашқы жағдай емес. Өткен қыста да бірнеше елік қала аумағына кіріп кетіп, олардың бірін көлік қағып, жарақат алған еді. Сол оқиғадан кейін мамандар қалаға кірген жануарларға, әсіресе, қыс маусымында қауіп көп екенін ескерткен.
Биологтардың айтуынша, еліктер шаһарға көбіне екі себеппен келеді. Оның бірі тамақ іздеу немесе кездейсоқ бағытынан шатасу. Қар басқан орманда азық азайғанда олар елді мекенге жақындауы мүмкін. Ал кей жағдайда ауыл жолдарында көліктерден үркіп, қала көшелеріне түсіп кетеді.
Мамандар тұрғындарға елікті жақыннан тамашаламауға, қорқытпауға, қолдан тамақтандырмауға кеңес береді. Бұндай жағдайда дереу құтқару қызметіне немесе полицияға хабарлау керек.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті 1 желтоқсан таңертеңгі жағдай бойынша еліктерге қатысты ешқандай ресми хабарлама түспегенін мәлімдеді.



