БілімЖаңалықтар

Сарбаздық жолдан — студенттік өмірге

Ақтөбелік Ануар Аринов 2023 жылы Астана қаласында мерзімді әскери қызметін өтеді. Әскерде жүрген кезінде ол «Срочник 2.0» мемлекеттік бағдарламасы туралы біліп, осы мүмкіндіктің арқасында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне грант жеңіп алды.

Әскери борышын өтеп келгеннен кейін Ануар университет жанынан ашылған Қабанбай батыр атындағы әскери кафедраға конкурссыз қабылданды. Қазір ол жоғары оқу орнында білім алып қана қоймай, әскери кафедрада да қатар оқып жүр.

– Алғашында мұндай мүмкіндік бар екеніне сенбедім. Қазір екі бағытта қатар білім алып жүрмін. Болашақта лейтенант атағын алуды мақсат етіп отырмын, – дейді Ануар.

Айта кетейік, Ануар әскери отбасында өскен. Әкесі көп жылдан бері шекара қызметінде еңбек етіп келеді. Сондықтан Отанға қызмет ету оның өмірлік таңдауына айналған.

Әскери кафедра оқытушысы, запастағы подполковник Айбын Абдулин сарбаздың жауапкершілігі мен тәртібін ерекше атап өтті.

– Әскерде болғаны бірден байқалады. Тәртіпті, жауапты, айналасына әрдайым қолдау көрсетеді, – дейді ол.

Бұл оқиға әскери қызметтің жас азаматтарға жаңа жол ашатынын дәлелдейді. «Срочник 2.0» бағдарламасы арқылы көптеген сарбаздар білім алып, болашағын сенімді түрде жоспарлауға мүмкіндік алып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button