Уваровода 26 жыл күткен медпункт жұмыс істеп тұр

Уварово ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт араға 26 жыл салып,қайта ашылды. 1999 жылы ғимарат өртеніп кеткен болатын. Сол кезден бастап уақытша басқа мекемелерді жалға алып жұмыс істеген.
—Акушерлік пункт 1999 жылы өрттен зардап шеккен болатын. Араға 26 жыл салып, 2025 жылы қайта жаңғыртылып, қолданысқа берілді. Фельдшерлік-акушерлік пункт «Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» жобасы аясында салынды. Қазіргі таңда мекеме заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген,–деді аудандық аурухананың бас дәрігері Мұрат Увазыров.
Уварово ауылында шамамен 1500 тұрғын бар, оның 1100-і фельдшерлік-акушерлік пунктке тіркелген. Оның ішінде бір жасқа дейінгі 15 бала, мүмкіндігі шектеулі 10 азамат және 9 жүкті әйел бар. Сонымен қатар, есепте тұрғандардың 46-сы қант диабетімен, ал 155-і артериялық гипертензиямен ауырады.
Бұдан бөлек, фельдшерлік-акушерлік пункт жанынан дәріхана ашылған. Бұл ауыл тұрғындарының қажетті дәрі-дәрмектерге қолжетімділігін арттырып отыр.



