Қыста Өскеменде неге түтін көбейеді: әкімдік түсіндірді

Өскеменде қыс мезгілінде ауаның жиі ластануы тұрғындарды алаңдатып отыр. Осыған байланысты облыс әкімдігі өкілдері жағдайдың себебін түсіндірді.
Әкімдік мәліметінше, екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде қалада қою түтін жиі байқалады. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Қыста жылу көздеріне түсетін жүктеме артады, автокөліктер саны көбейеді, ал жеке сектор тұрғындары үйлерін пешпен жылытады.
Сонымен қатар Ертіс пен Үлбі өзендеріндегі су электр станцияларының жұмысына байланысты өзендер қыста қатпайды. Бұл қалың тұманның пайда болуына ықпал етеді. Осы жағдайлар қолайсыз ауа райымен қабаттасқанда, зиянды заттар ауада жиналып қалады.
— Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде кәсіпорындар өндірістік жүктемені 20–40 пайызға дейін төмендетеді. Ал басқа мезгілдерде ауа райының қолайлы болуына байланысты зиянды шығарындылар тез таралады. Атмосфералық ауаның жағдайын экологтар мен метеорологтар тұрақты түрде бақылап отырады, тазарту жүйелері мен сүзгілердің жұмысы тексеріледі. Жағдай бақылауда, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр, – делінген әкімдік берген ақпаратта.



