Елімізде жарамдылық мерзімі өткен дәрілер сатылған

Елімізде мемлекет есебінен сатып алынған және халыққа тегін берілуі тиіс 15 мыңнан астам дәрілік заттың коммерциялық нарықта сатылғаны анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Тегін берілетін дәрілерді сатуға шығару, таңбалау кодтарын қайта пайдалану және жарамдылық мерзімі өткен дәрілерді өткізу фактілері былтыр шілдеде енгізілген дәрілік заттарды таңбалау жүйесі арқылы анықталды.
Денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен вице-министрлер, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті, «Фармация» басшылары және «Қазақтелеком» тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы қатысуымен цифрлық таңбалау жүйесін қолдану және дәрілік заттарды қадағалау мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында бірыңғай оператор дәрілердің айналымына мониторинг жасауға арналған платформаны ұсынды. Бұл платформа дәрілердің өндірістен бастап бөлшек саудаға дейінгі барлық кезеңін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол заң бұзушылықтарды, сәйкессіздіктерді және заңсыз сатуды автоматты түрде анықтайды.
Талдау нәтижесінде мынадай фактілер тіркелді:
* Тегін берілетін дәрілердің 15 мыңнан астамы коммерциялық нарыққа шыққан;
* Таңбалау кодтары 6,5 мыңнан астам дәріге қайта пайдаланылған;
* 750-ден астам жарамдылық мерзімі өткен дәрілер сатылған.
Кездесу қорытындысы бойынша министр Ақмарал Әлназарова вице-министрлер мен тиісті құрылымдарға таңбалау жүйесінің талдамалық платформасын күнделікті қолдануды және бюджет қаражатын тиімді жұмсау үшін дәрілердің мақсатсыз пайдаланылуын қатаң бақылауды тапсырды.



