Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Бүгін қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақиық ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына 95 жыл толды. Ол Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келген. Ақын Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тәмамдаған.
Мұқағали Мақатаев еңбек жолын 1952 жылы бастап, Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілінің мұғалімі, Қазақ радиосының дикторы, газет және журналдарда әдеби қызметкер болып жұмыс істеген. 1973-1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында білім алған.
Мұқағали алғашқы өлеңдерін 1948 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде жариялаған. Оның «Ақ қайың әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Арман», «Шолпан», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт. Жан азасы» сияқты поэмалары мен 650-ден астам лирикалық өлеңдері бар. Ақын қазақ поэзиясын мазмұн, пішін және стиль жағынан жаңартып, өлеңге жаңа интонация мен ой-толғаныс әкелген.
Мұқағали тек поэзиямен шектелмей, проза, драма және сын жанрларында да қалам тартқан. Оның «Қош, махаббат» жинағына «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош махаббат» пьесасы енгізілген. Сонымен қатар, ақын Шекспир, Данте, Уолт Уитмен сияқты әлемдік классиктердің шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Мұқағалидің өлеңдері Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Бейбіт Оралұлы, Алтынбек Қоразбаев сияқты композиторлар әнге қосып, халыққа кеңінен тараған.
Қазіргі уақытта ақынның есімі Алматыда мектеп пен көшеге берілген. Сонымен қатар, бүгінде сол көшенің бойында ақынның ескерткіші тұр. Туған ауылы Қарасазда мұражайы жұмыс істейді. Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылдан бері үздік әдеби шығарма авторларына Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындаған.



