2026 жылы 30 өрт сөндіру бекеті салынады — ШҚО

Шемонаиха ауданында мемлекеттік 3 өрт сөндіру бөлімі және 7 өрт сөндіру бекеті бар. Ағымдағы жылы жергілікті әкімдік пен шаруа қожалықтарының қолдауымен қосымша Камышинка және Октябрьское ауылдарында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылды. Өрт сөндіру бекеттері ТЖМ-ның арнайы техникаларымен жабдықталған.

Бүгін өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынған Сугатовка ауылындағы өрт сөндіру бекетіне барды.
— Өрт сөндіру бекеттері әр ауылдық округте болуы керек. Келесі жылы дәл осындай 30 бекеттің құрылысы басталады. Бекеттер облыста шыққан өртті жылдам ауыздықтау мақсатында салынып жатыр. Шалғайдағы ауылдарда, орманда, дала өрті кезінде аудан орталығынан техника мен құтқарушылар жеткенше өрт талай жерді жалмайды. Сондықтан өрт сөндіру бекеттерінің санын көбейтуді қолға алдық, — дейді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Ауданда 2025 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша, 40,1 мың тұрғын тұрады. Жаңа өрт сөндіру бекеті өрт қауіпсіздігін арттыруға және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге бағытталған. Өрт сөндіру бекеті жыл соңына дейін ашылады деп күтілуде.



