ШҚО көктемгі су тасқынына дайындалып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі мақсат – су басу қаупін азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Облыс аумағында барлығы 128 гидротехникалық нысан бар. Оның 77-сі су ұстайтын құрылыстар. Атап айтқанда, 40 су қоймасы, 28 тоған, 7 гидроторап және 2 бөгет бар. Барлық нысандар тұрақты бақылауда.
Су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық аясында бірқатар инженерлік жұмыстар атқарылды. Өзен арналары 3,5 шақырымға тереңдетіліп, тазартылып, кеңейтілді. 800 метр қорғаныс бөгеті жөнделді. Сондай-ақ 2,35 шақырым жағалау бекітіліп, 5,5 шақырым су бұру арналары салынды. Бұдан бөлек, су өткізу құбырлары орнатылып, көпірлер жөнделді және кейбір қауіпті көше учаскелері қалпына келтірілді.
Алтай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Күршім, Шемонаиха, Катонқарағай және Глубокое аудандарында мұз кептелуі мүмкін 20 учаске анықталды. Қажет болған жағдайда бұл жерлерде жарылыс жұмыстары жүргізіледі.
Елді мекендерде де дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қазір арықтар мен каналдардың 35 пайызы тазартылды, су өткізу құрылыстарының 32 пайызы ретке келтірілді, көпірлердің 57 пайызы тазаланды. 216 мың текше метр қар шығарылды.
Жалпы облыста 70 елді мекенде су тасқыны қаупі бар. Бұл аумақтарда шамамен 3,5 мың тұрғын үй орналасқан.



