Қазақстандықтардың несиесі 25 трлн теңгеге жетті

Халықтың банктерден алған несиесі 25 трлн теңгеге жуықтады. Қаңтар айында берілген қарыз көлемі 0,2 пайызға өсіп, 24,8 трлн теңгені құрады.
Несие көлемінің артуына негізінен ипотекалық қарыздардың көбеюі әсер етті. Тұрғын үй несиелері 0,5 пайызға өсіп, 7 трлн теңгеге жетті. Ал тұтынушылық несиелер көлемі былтырғы желтоқсан айындағы деңгейде қалып, 16,7 трлн теңгені құрады.
Сондай-ақ банктердегі несие мөлшерлемелері де өсті. Бизнеске берілетін несиелер бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме 22,7 пайызға жетті. Ал халыққа берілетін несиелердің орташа мөлшерлемесі 20,8 пайыз болды. Бұған тұтынушылық қарыздар бойынша пайыздың өсуі әсер еткен.
Қазіргі таңда банк секторында 90 күннен астам уақыт төленбеген қарыздардың көлемі шамамен 1,6 трлн теңгені құрайды. Бұл жалпы несие портфелінің 3,8 пайызына тең.
Ал халықтың мерзімі өткен несиесі 1,1 трлн теңгеге жуық болып тұр. Бизнес субъектілерінің мерзімі өткен қарызы 528 млрд теңгені құрайды.



