Жаңалықтар

Шаңғыңызды алып Шығысқа келіңіз

Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған Алтай альпісі тау шаңғы курорты облыс орталығынан 35 км жерде орналасқан. Бүгін ШҚО-да қысқы туристік маусым ресми түрде ашылды.

Демалушылар асыға күткен шарада концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қонақтар арасында тегін сыйлықтар мен сертификаттар ойнатылды. Бүгін қысқы демалысты жақсы көретін жандар сноубордпен шаңғы теуіп, садақ атып, ит жегілген арбамен серуендеді.

Салтанатты шараға облыс әкімі қатысып, республикалық деңгейдегі түрлі спорт жарыстарының жеңімпаздарын марапаттады.

– Бүгінгі күні шетелдік қонақтарды облысымыздың қысқы туризмі жақсы дамыған Алтай альпісінде біріктіріп отырмыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері туризм саласы облыс экономикасының драйверіне айналып келеді. Бұл салаға қомақты қаржы тарту қажет, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Жиынға жиналған қауым ұйымдастырушыларға ерекше алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Алтай туристік альпісі барша қонақты жаңа маусымда күтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button