Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова дауыс берді

Бүгін елімізде жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Саяси науқанға қала тұрғындары белсенді қатысуда. Дауыс берушілердің қатарында жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар.
Ольга Рыпакова № 45 мектептегі №1163 референдум учаскесінде дауыс берді.
– Бүгін еліміз үшін тарихи маңызы бар оқиға деп айтуға болады. Референдум өткізіліп жатыр. Мен еліміздің азаматы әрі патриоты ретінде өз азаматтық ұстанымымды білдіруді азаматтық парызым деп санаймын. Қазіргі таңда әлем өзгеруде, түрлі оқиғалар орын алуда. Сондықтан белгіленген жоспар мен таңдалған даму бағыты бойынша алға жылжу үшін заңнаманы жетілдіру, ең бастысы, осы жағдайларда қалай өмір сүріп, қалай дамитынымызды және қандай құндылықтарды ұстанатынымызды айқындайтын негізгі қағидаларды жаңарту қажет деп есептеймін, – деді Ольга Рыпакова.
Айта кетейік, облыста барлығы 533 референдум учаскесі құрылған. Өскемен қаласы бойынша 129 референдум учаскесі бар.



