ЖаңалықтарҚылмыс
ШҚО-да қаржы пирамидаларына қарсы күрес күшейді

Облыста қаржы пирамидаларына қарсы күрес жалғасып жатыр. Өткен жылы өңірде осындай үш заңсыз қаржы схемасының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Тимур Мұқанов мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, бүгінде интернет арқылы таралатын қаржы пирамидалары көбейген. Сол себепті оларды анықтау үшін арнайы «Baiqa, piramida» сервисі іске қосылған. Бұл қызмет Telegram мессенджері арқылы жұмыс істейді. Пайдаланушылар кез келген күмәнді компанияның сайты немесе әлеуметтік желідегі парақшасының сілтемесін енгізіп, оның заңдылығын тексере алады.
2025 жылы департамент тарапынан қаржы пирамидаларына қатысты 481 сілтеме, онлайн-казино мен құмар ойындарға байланысты 591 сілтеме және криптоайырбастау пункттеріне қатысты 121 сілтеме бұғатталған.
Айта кетейік, 2021 жылдан бері елімізде 100-ден астам қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылған. Олардың қатарында Eolus Kazakhstan, Sinsera Systems және Best Road Investment сияқты істер бар.
Мамандар тұрғындарды күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге және қаржы салмас бұрын міндетті түрде тексеруге шақырады.



