ДенсаулықЖаңалықтар
ШҚО-да өрттен 21 адам қаза тапты

Өңірде жылыту маусымы басталғалы бері өрт шығу жағдайлары көбейді. Осы уақыт ішінде тұрғын үйлерде 287 өрт тіркеліп, салдарынан 21 адам көз жұмды, тағы 21 адам жарақат алды.
Бұл туралы брифингте ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рашид Блялов мәлімдеді. Оның айтуынша, өрттердің көбі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан және үйлердің техникалық жағдайының нашарлығынан туындаған.
Мамандар алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Құтқарушылар 91 мыңнан астам үйді аралап, тұрғындарға пеш пен электр құрылғыларын дұрыс пайдалану жолдарын түсіндірген. Әсіресе, әлеуметтік осал отбасылар тұратын 2 763 үй ерекше бақылауға алынған. Тексеру барысында 700-ден астам қауіпсіздік бұзушылығы анықталған.
Сонымен қатар, мұндай үйлерге көміртек тотығын анықтайтын арнайы датчиктер орнатылуда. Қазіргі таңда 680 датчик қойылып, жалпы соңғы 6 жылда 17 мыңнан астам құрылғы орнатылған. Соның арқасында 45 адамның өмірі құтқарылған, оның ішінде 31 бала бар.
Мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауды ескертеді. Төтенше жағдай туындаса, дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.



