ШҚО жастары сенбіліктерге белсенді қатысып жатыр

Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Өскеменде бірнеше ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Саяси партия филиалдарының жастары, қоғамдық кеңес мүшелері, облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес мүшелері және еріктілер біркелкі форма киіп, тазалық жұмыстарына белсене кірісті.
Экосенбілік жастардың басын қосып, «Журавль» ескерткіші маңында өтті. Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбековтің айтуынша, мұндай шаралар тек облыс орталығында ғана емес, барлық қала-аудандарда ұйымдастырылып жатыр. Негізгі мақсат – тұрғындарды тазалыққа шақырып, жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Сенбілік барысында қатысушылар күрек, сыпырғыш, қап алып, аумақты қоқыстан тазартты.
Қазақстан Халық партиясы жанындағы жастар қанатының басшысы Ләйлә Төлеубекова «Таза Қазақстан» акциясы жалпыұлттық идеологияға оң әсер ететін бастама екендігін алға тартты.
– Бұл бір күндік акция емес. Маусым сайын, жыл сайын өткізіледі. Жастар экологияны жақсартуға ұмтылса, қоршаған орта да қорғауда болады. Өзіміз де мұндай іс-шараға жиі қатысамыз. Былтыр Қазақстан тауы маңын тазаладық, – деді ол.
Жастардың айтуынша, қыстан кейін жиналған қоқыс көп. Сондықтан әр адам тазалықты өзінен бастап, қоршаған ортаны таза ұстауға мән беруі керек.



