Отыздан аса бала үйден қашқан — ШҚО

Бұрын балалар ата-анасы айтқан сөзді екі етпейтін, ал қазір жасөспірімдер үлкендерге қырсығып үйден қашып кетеді. Тіпті үйден қашу кейбір балалар үшін әдетке айналған.
Ресми ақпарат бойынша, жыл басынан бері, Шығыс Қазақстанда 31 бала үйден қашқан. Балалар табылғанымен, бұл өзекті мәселеге айналып барады. Өйткені «Үйден шығып оралмады», «Ата-анасына өкпелеп жоғалып кетті», — деген сарындағы жаңалықтардан көз сүрінеді. Осы орайда психолог мамандардың пікірін білдік.
- Күнделікті түрлі адамдармен жұмыс істеймін. Түсінгенім, үйден қашу — баланың жан-айқайы. Кейбірі ата-анам маған көңіл бөлмейді десе, енді бірі бітпейтін жанжалдан шаршадым дегенді алға тартады. Ойлап қарасақ, бұрын да мұндай мәселелер болды. Бірақ үйден безген балалар жоқ еді, — дейді психолог маман Дина Тоқтарқанова.
Психологтың айтуынша, қазіргі ата-ана тілі шықпаған балаға таңдау еркіндігін береді. Ал өтпелі кезеңде шешімдеріне араласады. Бұл балалар үшін ауыр соққы.
— Балалар тәрбиесіне немқұрайлы қарамаған жөн. Жұмыстан кейін балаға кемінде 30 минут бөліп, сөйлесу қажет. «Баладан не жедің», деп емес, «Не сездің», — деп сезімдері жайлы сұрау керек, — дейді Дина Тоқтарқанова.



