ШҚО әкімі қоқыс мәселесін қатаң бақылауға алуды тапсырды

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қоқыстың уақытында шығарылмауына байланысты жауаптыларға қатаң ескерту жасады.
—Өскемен, Риддер қалалары мен Алтай, Зайсан, Шемонаиха аудандарында қоқыс үйінділері көбейіп кеткен. Әлеуметтік желілерде контейнерлердің толып тұрғаны жиі жарияланып жатыр. Кейбірі бірнеше апта бойы тазаланбаған,-деді ол.
Осыған байланысты өңір басшысы қоқыс контейнерлерінің санын көбейтіп, жүйені қайта қарауды тапсырды. Сондай-ақ, тұрғындардың бір бөлігі тіркеуде болмағандықтан, бұл жағдай қоқыс шығару жұмысына қосымша қиындық тудырып отырғанын айтты.
Әкім халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, барлық тұрғындарды қоқыс шығару қызметімен келісімшарт жасауға міндеттеуді тапсырды. Сонымен қатар тіркеусіз тұратын азаматтарды бақылауға алу үшін полиция қызметкерлерін тарту керектігін атап өтті.
Жиын қорытындысында қала және аудан әкімдеріне бір апта ішінде барлық қоқыс үйінділерін жою, қоқыс шығару кестесін қатаң сақтау міндеті жүктелді. Қайталанған жағдайлар бойынша айыппұл салынып, қажет болса мердігерлермен келісімшарт бұзылатыны ескертілді.



