Жаңалықтар

ШҚО сарбаздары жауынгерлік Тумен қоштасты

Өскемен гарнизонындағы 27943 әскери бөлімінде бір жылдық қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.Тумен қоштасқан жас жауынгерлер әскери машық пен өмірлік тәжірибе жинап, елге деген жауапкершілік сезімін нығайтып, азаматтық өмірге оралды.

Әскери қызмет жас жігіттердің мінезін шыңдап, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен ел алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастырды. Бір жыл ішінде олар тек әскери машықтарды ғана емес, нағыз ер азаматқа тән табандылықты, сабырлықты және достықтың қадірін де түсінді.

— Әскер бізге көп нәрсе үйретті. Біріншіден, тәртіп пен жауапкершілікті үйрендік. Екіншіден, қиындыққа мойымауды, кез келген жағдайда бір-бірімізге тірек болуды түсіндік. Бір жыл ішінде қару ұстауды, әскери техниканың қыр-сырын меңгеруді, уақытты бағалауды және Отан алдындағы борыштың қаншалықты маңызды екенін сезіндік. Бұл кезең біз үшін үлкен мектеп болды, — деді қатардағы жауынгер Нұргелді Нүсіпбек.

Әскери бөлім командирі де жас жауынгерлерге алғысын білдіріп, олардың қызметін жоғары бағалады.

— Бір жыл ішінде бұл сарбаздар әскери істің негізгі бағыттарын меңгеріп, жауынгерлік даярлықта жақсы нәтижелер көрсетті. Олар әскери тәртіпті сақтап, бөлімнің тыныс-тіршілігіне белсенді араласты. Әрқайсысы өз міндетін адал атқарып, ел қорғаны болуға лайық екенін дәлелдеді. Барлық сарбаздарға адал қызметі үшін алғысымды білдіремін. Алдағы өмір жолдарында сәттілік, мықты денсаулық және биік белестер тілеймін. Еліміздің нағыз патриоты болып қала береді деп сенемін, — деді бөлім командирі подполковник Жаннұр Саткынов.

Салтанатты шара соңында сарбаздарға әскери қызметті абыроймен өткергені үшін алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button