ШҚО-да 4 мың маман жетіспейді

Өңірде қазіргі уақытта түрлі салада шамамен 4 мың маманға сұраныс бар. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үкімет отырысында айтты. Жиынды Премьер-министр Олжас Бектенов өткізді.
Негізгі мәселе – көші-қон саясаты. Үкімет білікті мамандарды елге тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Соңғы жылдары өңірге 2200-ден астам отбасы қоныс аударған. Олардың ішінде жоғары және орта білімі бар азаматтармен қатар, кәсіби білімі жоқ адамдар да кездеседі. Еңбекке қабілетті адамдардың жартысынан көбі жұмыспен қамтылған.
Өткен жылы қоныс аударушыларға қолдау көрсету үшін 496 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы көшуге, баспана жалдауға және басқа да қажеттіліктерге жұмсалған.
Алдағы уақытта облыста 15 мыңнан астам маман қажет болады деп күтілуде. Қазірдің өзінде құрылыс, энергетика, білім беру, медицина және басқа да салаларда кадр тапшылығы байқалады.



