ШҚО-да есірткі таратқан ер адам ұсталды

Облыста есірткі таратумен айналысқан күдіктілер ұсталды. Полиция қызметкерлері Алматыдағы әріптестерімен бірлесіп, интернет арқылы жұмыс істеген есірткі тасымалдаушылардың жолын кесті.
Алматыда жедел шаралар кезінде 20 жастағы бойжеткен қолға түсті. Одан ұнтақ тәрізді заты бар 36 түйіншек табылып, сараптама нәтижесінде оның мефедрон екені анықталды.
Сонымен қатар Өскеменде жалдамалы пәтерде тұрған 30 жастағы ер адам ұсталды. Тінту кезінде одан және пәтерден бірнеше түйіншек пен ұялы телефондар тәркіленді. Сараптамаға сәйкес, бұл зат «a-PVP» психотроптық есірткісі болған.
Тергеу барысында күдіктінің Алматыда Telegram арқылы жұмысқа орналасып, кейін Өскеменге келіп есірткі таратқандығы белгілі болды.
Қазіргі уақытта екі күдікті де қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тәркіленген есірткі көлемі 20 грамнан асып, ірі мөлшердегі қылмыс ретінде бағаланды.



