Жаңалықтар

Алтай ауданында инфрақұрылым дамып келеді

Алтай ауданында жыл басынан бері қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы белгілі болды. Бұл туралы тұрғындармен кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтып берді.

«Алтай ауданы аумағында биыл 28 шақырым жолдар мен көшелер орташа жөндеуден өтті. Алтай қаласының батыс бөлігіндегі су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен су құбыры мен кәріз желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды», — деді аймақ басшысы.

Ауданда 5 қазандық бар. Орталықтандырылған жылумен 2 жарым мыңға жуық нысан қамтылған. Осы жылы жылу көздерін ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал Жаңа Бұқтырма кентінде жалпы құны 9,2 млрд теңгеге аулаішілік жылу желілерін қайта құру жұмыстары жалғасып жатыр.

Алтайдағы халықтың 97,2%-ы интернетпен қамтылған. 2 мыңнан астам адам тұратын 17 елді мекенде байланыстың болмауына немесе сапасыздығына қатысты арыз-шағымдар түскен.

«Быково ауылында бюджет қаражаты есебінен 30 қыркүйекте антенна-мачталық діңгектің құрылысы аяқталды. 20 желтоқсанға дейін мобильді интернет қызметін көрсету үшін қажетті жабдықтарды қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған ауылдар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен қосылады. Бұдан бөлек, аудандағы 23 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Starlink жиынтықтары орнатылды», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button