Демалыс күндері жаңбыр мен дауыл күтіледі

Қазгидромет мамандары Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласына алдағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады.
9 мамырда өңірде күн ыстық болады. Өскеменде ауа температурасы +28…+30 градусқа дейін көтерілмек. Алайда күннің екінші жартысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың кей аудандарында да өткінші жаңбыр күтіледі.
10 мамырдан бастап күн райы күрт өзгереді. Өскеменде ауа температурасы +21…+23 градусқа дейін төмендейді. Ал облыстың солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болжанып отыр.
11 мамырда салқын ауа райы сақталады. Өскеменде күндіз +13…+15 градус шамасында болады. Өңір бойынша жаңбыр мен найзағай жалғасып, кей аудандарда бұршақ пен дауыл болуы мүмкін.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақ болуға кеңес береді.



