Көшпенділер мәдениеті:Өскеменде сән көрсетілімі өтті

Өскеменде 23-24 мамыр күндері “East Podium” халықаралық сән көрсетілімі өтіп, ұлттық нақыш пен заманауи стиль тоғысқан ерекше шара ұйымдастырылды.
Биылғы подиумның басты тақырыбы — көшпенділер коды мен қазақ мәдениеті. Дизайнерлер ұлттық ою-өрнек, табиғи маталар мен этностиль элементтерін үйлестіріп, көрерменге тың топтамаларын ұсынды. Көрсетілімде камзол үлгісіндегі заманауи киімдер, кестелі шапандар, оюлы көйлектер мен ұлттық аксессуарлар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Жобаға Қазақстанның әр өңірінен бөлек, Тәжікстан, Иран, Грузия, Ресей және Татарстаннан дизайнерлер қатысты. Сән сахнасына шамамен 50 модель шықты. Олардың барлығы — Өскемендегі “Eurasian Fashion School” модель агенттігінің түлектері.
Жоба маркетологы Айжан Нұрланованың айтуынша, шараның негізгі мақсаты — Шығыс Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныту.
— Бұл біздің тарихымыз бен рухани құндылығымызды дәріптейтін алаң. Қонақтар үшін шоурумдар, шеберлік сағаттары және арнайы кездесулер ұйымдастырылды, — деді ол.
Ал Өскемен қаласы әйелдер қауымдастығының төрайымы Елена Березинская мұндай бастамалардың өңірдегі сән индустриясын дамытуға серпін беретінін атап өтті.
Екі күнге созылған бағдарлама аясында сән көрсетілімдерімен қатар, дизайнерлер көрмесі, fashion-кездесулер және мәскеулік стилист әрі тележүргізуші Алексей Сухаревтің қатысуымен public talk өтті.



