Колонияға 15 телефон өткізбек болған жігіт ұсталды

Шығыс Қазақстан облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аумағына бірден 15 ұялы телефонды жеткізу әрекетінің жолы кесілді.
Жас жігіт мекеменің қоршауына тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған сәтте ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті мен №17 мекемесінің жедел бөлім қызметкерлерімен ұсталды.
Жеке тінту барысында ұсталған азаматтың жанынан бірнеше мұқият оралған түйіншектері бар пакет табылды. Тексеру кезінде олардың ішінен Samsung, Redmi, Huawei, Oppo және iPhone маркалы 15 ұялы телефон шықты.
Алдын ала жедел ақпарат бойынша, тәркіленген заттардың барлығы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың біріне арналуы мүмкін.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде ұялы телефондар түзеу мекемелеріне заңсыз жеткізуге жиі әрекет жасалатын тыйым салынған заттардың бірі екенін атап өтті. Мұндай құрылғылар сотталғандарға сыртқы ортамен бақылаусыз байланыс орнатуға және белгіленген режим талаптарын бұзуға мүмкіндік береді.
Аталған факті бойынша барлық құрылғылар тәркіленді. Қазіргі уақытта кінәлі тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті материалдар жиналуда.
— Жедел бөлім қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің дер кезінде жолы кесілді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты негізде жалғасуда, — деп түсіндірді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.



