ЖаңалықтарМәдениет
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі басталды

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалінің шымылдығы түрілді.
Фестивальдің алғашқы күні көкпар ойынымен басталып, өңірдің әр түкпірінен келген командалар додаға түсті.
Одан кейін Берел ауылындағы «Патшалар алқабы» тарихи-мәдени кешенінде қазақтың көрнекті ақыны Ақтан Нұрбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ас берілді. Тағылымды шараға ақынның жақындары, қаламгерлер мен мәдениет қайраткерлері қатысты.
Айта кетейік, бүгін кешке фестиваль аясында «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия фестивалі өтеді. Ал ертең «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, кешкісін Қазақстан мен түркі елдерінің өнерпаздары қатысатын гала-концерт өтеді.



