Катонқарағайда көкпар мен бәйге жеңімпаздары анықталды

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында өтіп жатқан халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Дүбірлі додада көкпар мен бәйге жарыстары өтіп, үздіктер марапатталды.
Көкпар бәсекесінде Ұлан ауданының командасы 1-орын иеленсе, Күршім ауданы – 2-орын, Алтай ауданы – 3-орынға тұрақтады.
Сондай-ақ ұлттық ат спорты түрлерінен өткен жарыстарда да жеңімпаздар анықталды. Құнан бәйгеде Самар ауданынан Мұхаммедәли Намозов, жорға жарысында Зайсан ауданынан Айқын Әмірбеков, ал топ бәйгеде Күршім ауданынан Қайсар Сарқытов жеңіс тұғырынан көрінді.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, ұлттық спорттың халық мұрасын сақтаудағы маңызын атап өтті.
«Ұлттық спорт – халқымыздың рухын көтеретін, ұрпақ сабақтастығын жалғайтын баға жетпес мұра. Осындай жарыстар ел бірлігін нығайтып, жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыра береді», – деді аймақ басшысы.



