Биыл грантқа түсе алмағандарға қандай мүмкіндік бар?

Мемлекеттік білім грантына ие бола алмаған талапкерлер үшін оқу ақысын төлеуге көмектесетін бірнеше мүмкіндік бар.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есенбаеваның айтуынша, биыл әкімдіктер 2 мыңнан астам грант бөлген. Құжат қабылдау мерзімі өңірге қарай әртүрлі. Кейбір әкімдіктер өтініштерді 10–12 тамызға дейін, ал енді бірқатары 15 тамызға дейін қабылдайды. Сондықтан талапкерлер өз өңіріндегі білім басқармасынан немесе университеттің қабылдау комиссиясынан нақты ақпарат алғаны жөн.
Талапкерлер үшін тағы мынадай мүмкіндіктер бар:
1. Әкімдік гранты
Жергілікті әкімдіктер бөлетін гранттарға конкурс арқылы қатысуға болады.
2. «Қазақстан халқына» қорының гранты
Биыл қор 350 білім грантын ұсынды. Оған қойылатын талаптар қордың ресми сайтында жарияланған.
3. Университеттің ректорлық гранты
Кейбір жоғары оқу орындары өз қаражаты есебінен грант немесе оқу ақысына 50% және 100% жеңілдік береді. Мұндай мүмкіндік көбіне «Алтын белгі» иегерлеріне, олимпиада жүлдегерлеріне, жетім балаларға және әлеуметтік осал топтарға қарастырылады.
4. Жұмыс берушілердің гранты
Ірі компаниялар да талапкерлерге оқу гранттарын ұсынады. Мысалы, «KazEnergy» жыл сайын оқу ақысын толық өтейтін гранттар бөледі.
5. Босап қалған мемлекеттік гранттар
Кейбір талапкерлер түрлі себеппен алған грантынан бас тартады. Осындай жағдайда бос қалған гранттар қыркүйек айының соңына дейін қайта бөлінеді. Бұл үшін қайтадан құжат тапсырудың қажеті жоқ. Гранттар конкурс тізімінде келесі тұрған талапкерлерге беріледі.



