Өскеменде тұмауға қарсы екпе салу басталды

Өскеменде балалар мен ересектерге тұмауға қарсы вакцина салынып жатыр. Екпені тұрғылықты жері бойынша емханалардағы егу кабинеттерінен алуға болады.
Қалада тұмауға қарсы ресейлік «Гриппол» вакцинасы қолданылады.
Мамандар ең алдымен созылмалы аурулары бар адамдарға, балаларға, жүктіліктің үшінші триместріндегі әйелдерге және егде жастағы азаматтарға екпе алуды ұсынады. Қарсы көрсетілімдері болмаса, басқа тұрғындар да вакцина салдыра алады.
Алайда кейбір жағдайда екпе алуға болмайды. Мәселен, тауық ақуызына аллергиясы бар адамдарға вакцина салу ұсынылмайды. Сондай-ақ бұған дейінгі дозадан кейін аллергиялық реакция болған балаларға да екпе салуға шектеу қойылады.
Егер адамның дене қызуы көтерілсе немесе созылмалы ауруы асқынып тұрса, вакцина алуды сауығып кеткенге дейін кейінге қалдыру қажет.
Екпе салдырмас бұрын дәрігермен кеңесіп, денсаулық жағдайын тексерткен жөн.


