Жаңалықтар

Азияның үздік бүркітшілері Бозанбайда жүр

Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылында құсбегіліктен алғашқы Ашық Азия кубогі өтіп жатыр. Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылған «Шығыс Салбурыны – 2026» фестиваліне 176 бүркітші және тазы баптайтын 50-ден астам адам қатысуда.

Бозанбай ауылындағы «Бүркіттөбе» этнокешенінде басталған дүбірлі дода қазақ халқының аңшылық дәстүрін дәріптеп, ұлттық мұраны халықаралық деңгейде танытуға бағытталған. Жарысқа Қазақстаннан бөлек Түркия, Ресей, Қытай, Мажарстан, Испания, Грузия, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері жиналды.

Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған ашық кубок — саятшылық өнерінің бай мұрасын кеңінен насихаттап, оны келер ұрпаққа жеткізуге арналған маңызды мәдени оқиға. Сонымен қатар халықаралық жарыс түрлі елдің саятшылық дәстүрлерін таныстырып, тәжірибе алмасуға және мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

Этнокешенде 50 ақшаңқан киіз үй тігілген. Онда қонақтарға қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті мен қолөнері, облыстың қала, аудандарының тарихы мен туристік әлеуеті таныстырылды.

Дәл қазір жарыс жалғасып жатыр. Үздіктер анықталған соң марапаттау рәсімі өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button