Басты жаңалықЖаңалықтар

Катонқарағайда орманды қорғау жобасы іске қосылмақ

Катонқарағай ауданында орманды сақтап, табиғатты қорғауға қаражат тартуға бағытталған жаңа жоба қолға алынбақ. Aitas Meken Foundation қоры орман көміртегі жобасын іске қосуға дайындалып жатыр.

Жобаның мақсаты – орман алқаптарын сақтау, зақымданған жерлерді қалпына келтіру және орман өрттерінің алдын алу. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шамамен 5 600 гектар аумақта өрттен қорғау шараларын күшейту жоспарланған. Алғашқы кезеңде 876 гектар жер қамтылады.

Жоба аясында ормандардың көмірқышқыл газын сіңіру мүмкіндігі есептеледі. Осы нәтижелер негізінде көміртек кредиттері шығарылып, оларды компанияларға сатудан түскен қаражат табиғатты қорғауға және ауданның дамуына жұмсалмақ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ашуға және орманды қорғауға тұрақты қаржы тартуға мүмкіндік береді. Жоба ұзақ мерзімге, тіпті 50 жылға дейін созылуы мүмкін.

Жоба жүзеге асса, Катонқарағайда табиғатты қорғау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, ауданның «алғашқы жасыл аудан» үлгісін қалыптастыруға жол ашылады.

Қазіргі уақытта жоба құжаттары алдын ала бекіту үшін халықаралық сертификаттау компаниясына ұсынылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button