«KESU»: қазақ және кәріс актерлері бір фильмде

Қазақстандық және оңтүстіккореялық актерлердің қатысуымен түсірілген «KESU» экшн-драмасы 15 қазанда жарыққа шықты.
Фильм режиссері — Дәулет Жұмабаев. Жаңа туындыда Асылхан Төлепов, Мерей Мақажан және кореялық актерлер Чу У-гон, Чан Хэ-джун, Чан Док-пхаль мен Чон Бом-иль ойнайды.
Фильмнің оқиғасы таеквондо өнерімен айналысатын жас спортшы Дидардың төңірегінде өрбиді. Ұстазы із-түзсіз жоғалғаннан кейін ол Оңтүстік Корея чемпионымен бірге Сеулге жол тартады. Олар ұстазын іздеу барысында оның өткен өміріне қатысты құпияларға тап болып, қауіпті оқиғалардың ортасына түседі.
Картинада жекпе-жек көріністері, отбасылық құндылықтар, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс және өткеннің жұмбақтары қатар өріледі.
«KESU» — Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның кино саласындағы шығармашылық ынтымақтастығын көрсететін туынды. Фильм қазақстандық көрермендерге ұсынылып қана қоймай, Оңтүстік Корея кинотеатрларында да көрсетіледі.


