150 млн жұмыртқа өндіретін құс фабрикасы салынады-ШҚО

Бүгін Ұлан ауданының Таврия ауылында «ALTAY QUS» жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасының құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Бұл — өңір үшін маңызды инвестициялық жоба. Ол азық-түлік өнімдерін өзімізде өндіру көлемін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
—«Altai Qus» құс фабрикасы Ұлан ауданының экономикалық өсімінің жаңа нүктесіне айналып, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға елеулі үлес қосады деп сенемін», — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі — 5,5 млрд теңге. Жоспар бойынша жалпы қуаттылығы 480 мың құсқа арналған бес құс қорасы салынады. Кәсіпорын жыл сайын 150 млн данаға дейін тағамдық жұмыртқа және 400 тонна құс етін өндіре алады.
Жобаның аудан үшін экономикалық және әлеуметтік маңызы ерекше. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін мұнда 150 тұрақты жұмыс орны ашылады.



