489 мың тонна майлы дақыл жиналды-ШҚО

Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары 611,1 мың гектар алқапта жүргізіліп жатыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5,5 мың гектарға артық.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Мамиевтің айтуынша, дәнді және бұршақ дақылдарын жинау 246 мың гектар алқапта аяқталды. Ал бидай 151,5 мың гектар алқапта жиналған.
Майлы дақылдарды жинау жұмыстары да аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта 255,1 мың гектар алқаптың өнімі жиналды. Бұл жоспардың 99,9%-ын құрайды. Орташа өнімділік гектарына 19,2 центнер болып, жалпы 489 мың тонна өнім қамбаға құйылған.
– Егін жинау науқанын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне Павлодар мұнай-химия зауытынан 19 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Жиналған өнімді қабылдау, орналастыру және сақтау үшін облыста қажетті инфрақұрылым бар. Өңдеу кәсіпорындарының қуаттарын қоса алғанда, сақтау объектілерінің жалпы сыйымдылығы 829 мың тоннаны құрайды, – деді Дамир Мамиев.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов 2027 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты қазірден бастауды тапсырды. Оның айтуынша, шаруашылықтардың тұқыммен қамтамасыз етілуіне және минералдық тыңайтқыштарға қажеттілігіне талдау жүргізу қажет.



