ШҚО-ға қанша отбасы қоныс аударды?

Биыл өңірге 16 отбасы қоныс аударды. Олар Риддер, Алтай қалалары мен бірнеше ауданға орналасты. Жаңа тұрғындарға жұмысқа орналасу, баспана табу және кәсіп ашу бағытында қолдау көрсетіледі.
Қоныс аударушыларды тарту жұмыстары «Шығыс шақырады» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба былтыр басталған. Бастапқыда ол облыстың төрт ауданын қамтуды жоспарлаған. Алайда облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаны өңірдің басқа аудандарында да жүзеге асыруды тапсырды.
Жаңа тұрғындар Глубокое, Катонқарағай, Марқакөл, Ұлан, Шемонаиха, Үлкен Нарын және Самар аудандарына, сондай-ақ Риддер мен Алтай қалаларына қоныстанды.
Қоныс аударған отбасыларға тек бастапқы кезеңде ғана емес, жаңа ортаға бейімделіп, тұрақты жұмысқа орналасуына дейін қолдау көрсетіледі.
Мәліметке сәйкес, еңбекке жарамды жастағы 26 адамның 23-і тұрақты жұмыс тапқан. Қалған үшеуі бала күтіміне байланысты демалыста. Облыста білікті мамандарды тарту және ауылдарды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.



