ШҚО боксшылары Қазақстан чемпионатында алты медаль жеңіп алды

Астана қаласында жастар арасында өткен бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатында Шығыс Қазақстан облысының спортшылары алты жүлдеге ие болды. Оның екеуі — алтын, біреуі — күміс, үшеуі — қола медаль.
15-22 қараша аралығында ұйымдастырылған жарыста Қазақстанның үздік жас боксшылары бас қосты. Соның барысында ШҚО намысын қорғаған спортшылар бірнеше салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Чемпионаттың алтын жүлдесін 50 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Арман Мырсабит пен 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жұмағали Нұрмахан иеленді.
Алдияр Баяндинов 70 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Баянды Шафих (55 келі), Сұлтанәли Әділкәрімов (70 келі) және Ринат Ерболұлы (90 келі) ел чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.
Осылайша, Шығыс Қазақстан облысының боксшылары жарысты алты медальмен қорытындылады.



