Биыл ШҚО-ға қанша турист келді?

Шығыс Қазақстан – табиғаты көркем, туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Шығыстың тұмса табиғатын тамашалауға ағылатын туристер саны да жыл санап еселеп өсіп жатыр. Осы орайда биыл облысқа қанша турист келді? Қай аудан турист қабылдауда көш бастап тұр?, — деген заңды сұрақ туады. Shygyslife.kz редакциясының тілшілері бұл сауалға жауап іздеп көрді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартысында облысқа 195,6 мың турист келген.
Оның 188,9 мыңы – отандық, ал 6,6 мыңы – шетелдік қонақтар.
Туристер саны бойынша облыс орталығы — Өскемен қаласы көш басында. Нақтыласақ, 65 232 қазақстандық және 3 479 шетелдік саяхатшы келген.
Глубокое ауданы да турист қабылдауда жақсы нәтиже көрсеткен. Мұнда 52 648 отандық және 15 шетелдік турист келіпті.
Риддер қаласы 16 298 отандық және 1 477 шетелдік турист қабылдаған. Аймақтың визит картасы саналатын Катонқарағайға жарты жылда 11 233 отандық және 23 шетелдік қонақ келген. Ал, Зайсан ауданына 9 420 қазақстандық және 1 254 шетелдік саяхатшы келгені тіркеліпті.
Статистика деректеріне сүйенсек, облысқа келетін саяхатшылардың басым бөлігі – отандық туристер. Әсіресе Глубокое, Катонқарағай және Зайсан аудандарының көрсеткіші өңірдің туристік мүмкіндіктеріне деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Жалпы, Шығыс Қазақстанның табиғи байлығы, тарихи орындары мен демалыс аймақтары туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Ал туристер санының артуы өңірдің экономикалық әлеуетін одан әрі нығайта түспек.



