Самар ауданында Палатцы – Подгорное жолы жөнделді

Самар ауданында Палатцы – Подгорное автожолының жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы аудан тұрғындарымен өткен есептік кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді.
Аталған жол учаскесі 40 жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген. Көктем мезгілінде жолды су шайып, Палатцы мен Подгорное ауылдары негізгі тасжолдан уақытша оқшауланып қалатын. Осыған байланысты Подгорное ауылының тұрғындары облыс әкімінің ауылға сапары кезінде жолдың нашар жағдайын айтып, мәселе көтерген болатын.
Өңір басшысы жолдың нақты жағдайымен танысып, оны қысқа мерзімде жөндеуді тапсырған. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары толық аяқталып, жол нормативтік талаптарға сай қалыпқа келтірілді. Нәтижесінде көлік қозғалысы қауіпсіз әрі тұрғындар үшін қолайлы болды.
Самар ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Былтыр 45 шақырым жол жөнделсе, биыл 60 шақырымнан астам автожол мен көшелердің жөндеу жұмыстары аяқталды.



