Алтайда су құбырлары жаңартылып жатыр

Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаттары Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тұмашинов Алтай қаласына барып, су құбыры желілерін жаңарту жұмыстарымен танысты.
Қалада орталық және батыс бөліктерде су құбырлары ауыстырылып жатыр. Жоба «AMANAT» партиясының бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның құны – 2,6 млрд теңге. Бағдарламаның нәтижесінде 9 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен қамтылады. Қазір жұмыстардың 95 пайызы аяқталған.
«Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Қазір негізгі су құбырлары тартылып болды. Құбырларды шаю және тазалау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Жобаны уақытында әрі сапалы аяқтау – басты міндет», – деді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Заңғар Шаухин.
Депутаттар құрылыс сапасын тексеріп, жұмыстардың уақытында әрі сапалы аяқталуын бақылауда ұстайтынын айтты.
Айта кетейік, жалпы облыста су құбыры құрылысы мен реконструкциясы бойынша 10 нысан жоспарланған. Бүгінде 8 нысанда құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта қалған 2 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.



