ШҚО әкімі риддерліктердің сауалдарына жауап берді

14 қаңтар күні аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға тұрғындар келіп, өзекті мәселелерін көтерді.
Риддер қаласына қатысты ең алдымен қаңырап бос тұрған және апатты жағдайдағы нысандар мәселесі қозғалды. Қалада бірнеше аяқталмаған көпқабатты тұрғын үйлер бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл ғимараттарды қайта қалпына келтіріп, баспанаға мұқтаж азаматтарға үлестіруге болар еді. Сонымен қатар апатты деп танылған, бұзылуға тиіс үйлер де бар. Олар қала келбетіне кері әсерін тигізіп отыр. Жергілікті билік осы мәселелерді талқылап, биыл Свердлов көшесіндегі үйлердің бірін бұзып, оның орнына екі қабатты тұрғын үй салуды жоспарлаған.
Кездесу барысында иесіз инженерлік желілер мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, қаланың Бірінші, Алтыншы және Жетінші шағын аудандарындағы электр желілері иесіз және Риддер қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі балансында тұр. Осы аудандардың тұрғындары электр қуатының жиі өшуіне шағымданып, желілерді тұрақты қызмет көрсететін «БЭСК» АҚ-ның теңгеріміне өткізуді сұрап отыр. Қазір кейбір электр желілерін тапсыруға қатысты құжаттар дайындалуда.
Сондай-ақ риддерліктер қоғамдық кеңістіктерді қайта жаңғырту сапасына, әсіресе Республика алаңындағы жөндеу жұмыстарына көңілдері толмайтынын жеткізді. Тұрғындардың пікірінше, мердігер ұйым жұмысты сапасыз атқарған.
Жиында жылумен қамту және қаланың санитарлық жағдайы да сөз болды. Қоқыстың уақытылы шығарылмауына қатысты тұрғындардан шағым жиі түсетіні айтылды.
— Желілерді заңды түрде рәсімдеп, тиісті мекемелердің теңгеріміне өткізу, мердігерлер жіберген барлық кемшіліктерді жою, адамдардың қауіпсіздігіне әсер ететін нысандарда тәртіп орнату жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Мұндай мәселелерді созбалаңға салуға болмайды. Әрбір өтініш жауапты органдардың бақылауына алынды, — деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.



