Жаңа туған сәбилерге қандай есімдер қойылып жатыр — ШҚО
Бұл сауалға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалы жауап берді. Мекеме өңірдегі ең танымал есімдер рейтингісін әзірлеп, көпшілікке ұсынды.
Жыл басынан бері облыста дүниеге келген қыз балаларға көбіне Ай-Сафи, Мәриям, Томирис, Кира және Сафия есімдері қойылған. Ал ұл балалар арасында Бейбарыс, Әлинұр, Хақназар, Давид және Максим есімдері көш бастап тұр. Бұл есімдер ата-аналардың ұлттық құндылық пен заманауи үрдісті қатар ұстанатынын аңғартады.
Ресми мәліметке сүйенсек, биыл өңірде шамамен 7 мыңға жуық туу туралы куәлік берілген. Соның ішінде үш мыңнан астамы проактивті форматта рәсімделген. Бұл – мемлекеттік қызметтердің цифрлануының нақты нәтижесі.
Филиал директоры Азамат Есембуловтың айтуынша, бала дүниеге келген соң ата-ананың ұялы телефонына SMS-хабарлама жолданады. Хабарламадағы бірнеше сұраққа жауап беріп, сәбиіне қойылатын есімді көрсету жеткілікті. Осылайша туу туралы куәлікті алу үдерісі әлдеқайда жеңілдеп, уақыт үнемделеді.




