Жаңалықтар

ШҚО-да жаңа туристік өнімдер мен 2035 жылға дейінгі міндеттер айқындалды

Шығыс Қазақстан облысында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 2026-2035 жылдарға арналған туристік экономиканы дамытудың бас жоспары әзірленді. Құжат жыл бойы туристерді қабылдауға мүмкіндік беретін ұсыныстар қалыптастыруды, алты негізгі туристік аумақты дамытуды, инвестиция тартуды және саладағы жүйелі мәселелерді шешуді көздейді.

2025 жылы облыста 447 мыңға жуық турист ресми тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,4%-ға көп. Дегенмен туристер ағынының шамамен 96%-ын ішкі саяхатшылар құрайды. Ал негізгі туристік кезең маусым мен қазан айларының аралығымен шектеліп отыр.

Қазіргі таңда өңірде 6 205 нөмірлік қоры бар 429 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Ендігі міндет — қонақүйлер мен демалыс орындарының санын көбейтіп қана қоймай, олардың тұрақты жүктемесін қамтамасыз ету. Сондай-ақ туристердің өңірде ұзағырақ аялдап, көбірек қаражат жұмсауына жағдай жасау қажет.

Бас жоспарда бірін-бірі толықтыратын алты туристік аумақ белгіленген. Олар — Катонқарағай, Риддер, Бұқтырма, Марқакөл-Зайсан, Өскемен қаласы мен оның маңындағы аумақтар және Үлкен Нарын. Әрқайсысының өзіндік мамандануы бар. Атап айтқанда, таулы, сауықтыру, су, іскерлік, өнеркәсіптік және ауыл туризмін дамытуға басымдық беріледі.

Жеке көрікті орындардан дайын туристік өнімдерге көшу

Бас жоспардың негізгі қағидаларының бірі — туриске жай ғана көрікті жерді емес, толық ұйымдастырылған саяхат ұсыну. Яғни көлік, орналастыру, тамақтану, экскурсиялық бағдарлама, қауіпсіздік және алдын ала брондау мүмкіндігі бір жүйеге біріктірілуі тиіс.

Осы бағытта яхта туризмі, таулы велосипед спорты мен даунхилл, ботель, ретрит орталықтары, велосипедшілерге, шаңғышылар мен жүгірушілерге арналған маршруттар, іскерлік және өнеркәсіптік туризм, орнитологиялық бағыттар, жергілікті жабайы өсімдіктерді пайдалана отырып гастрономиялық турлар ұйымдастыру, қазақ отбасының салт-дәстүрімен таныстыру секілді жаңа туристік өнімдер қарастырылған.

Қызу туристік маусымнан тыс уақытта да өңірге келушілер санын арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Бұл үшін спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын, іскерлік іс-шараларды, фестивальдерді, сауықтыру бағдарламаларын өткізуге және агротуризмді дамытуға мүмкіндік бар.

Қазірдің өзінде бірнеше жаңа жоба пысықталуда.

Риддер қаласында орнитологиялық туризмді дамытуға арналған Ridder BirdFest фестивалінің бағдарламасы әзірленді. Оны негізгі туристік маусым аяқталғаннан кейін өткізу жоспарланып отыр. Бұл маусымаралық кезеңде өңірге келетін туристер санын арттыруға мүмкіндік береді.

Катонқарағай ауданында қар барысын табиғи ортасында бақылауға арналған жоба қарастырылуда. Осы мақсатта ірі халықаралық туроператормен келіссөздер жүргізіліп, техникалық тапсырма әзірленген. Жергілікті орналастыру нысандары да бұл бастамаға қызығушылық танытып отыр. Қазір аудан әкімдігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, жобаны іске асыру шарттарын пысықтау міндеті жүктелген.

Сонымен қатар ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың бастамасымен Бұқтырма су қоймасы жағалауында Altai City туристік қалашығын құру тұжырымдамасы әзірленді. Қазір Тереңсай асуында Kokterek Park жобасының тұжырымдамасы дайындалып жатыр.

Тағы бір бағыт – «Аяз Ата ауылы» жобасы. Оның тұжырымдамасы да әзірленген.

Үлкен Нарын ауданында қысқы балық аулауға арналған пилоттық туристік өнімді дайындау басталды. Бұл жұмысқа Балық инспекциясы, тиісті федерация және Туризм басқармасы өкілдері қатысатын жұмыс тобы құрылған.

Инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасы — басты талап

Бас жоспарды әзірлеу барысында әуежай, теміржол және автовокзалдар, музейлер мен бірқатар орналастыру нысандары зерделенді. Мәселен, Өскемен автовокзалының түнгі уақытта жұмыс істемейтіні, ал санитарлық бөлмелердің сағат 20:00-ден кейін жабылатыны анықталған. Бұл ретте түнгі рейстер қатынауын жалғастырып жатыр. Сондықтан жолаушылардың көлігін күтуіне қолайлы жағдай жасалуы қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button