Басты жаңалықЖаңалықтар

Байжігіт оркестрінің 25 жылдығы: ШҚО-да ұлттық музыка өнерінің кеші өтті

Облыс орталығында Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің 25 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов келіп, өнер ұжымын айтулы белесімен құттықтады.

«Қазақ үшін күй – жай ғана әуен емес, ұлттың жадында сақталған тарих, бабалардан жеткен аманат, халықтың қуанышы мен мұңын, арман-мұратын жеткізген қасиетті өнер. Сол өнердің алтын арқауын үзбей, ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатқан оркестрдің ширек ғасырлық шығармашылық жолы – ұлттық руханиятымыздың шежірелі белесі. Оркестр талай сахнаның төрінен көрініп, республикалық және халықаралық өнер додаларында кәсіби шеберлігімен танылды. Шығыс Қазақстанның мәдени мәртебесін биіктетуге қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін! Мерейтой құтты болсын!», — деді аймақ басшысы.

Нұрымбет Сақтағанов оркестр ұжымына 20 миллион теңгенің сертификаты мен Алғыс хаттар табыс етті.

Концертке Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолиядан келген белгілі өнер қайраткерлері, дирижерлер мен кәсіби орындаушылар қатысты.

Мерекелік бағдарламада Қырғыз Республикасының халық әртісі Бақыт Тілегенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дәурен Ғылымов пен Нұржан Бажекенов, Моңғолияның мәдениет саласының өкілі Тұрар Ерболұлы және өзге де өнер майталмандары өнер көрсетті.

Сондай-ақ сахнада «An.Sal.Dar» тобы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, Нұргүл Қабдоллаева, Ботагөз Жұмабекова, Арника Байбусынова және жас орындаушылар өнерлерін ортаға салды.

Мерейтойлық концерттің басты ерекшелігі — әр елдің өнерпаздарын бір сахнаға тоғыстырып, ұлттық музыканың ортақ құндылықтарын дәріптеуі. Түрлі орындаушылардың өзіндік шеберліктері кештің мазмұнын байытып, мәдени байланыстарды нығайтуға жол ашты.

25 жыл — шығармашылық ұжым үшін үлкен белес. Осы уақыт ішінде Байжігіт оркестрі ұлттық өнерді ұлықтап қана қоймай, қазақ музыкасының бай мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге өз үлесін қосып келеді. Мерейтойлық кеш те осы сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button