Автобустардың уақытылы жүруі қатаң бақыланады — Өскемен

Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде қоғамдық көлік мәселесі көтерілді. Шаһар тұрғындарының айтуынша, жаңа ықшамаудандарға қатынайтын автобустардың саны аз, деп хабарлайды Shygyslife.kz тілшісі.
Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғыны Сабыр Оспанов қаланың қарқынды өсіп келе жатқанын ескеріп, автобус бағыттарын қайта қарауды ұсынды.
• Қаланың жартысынан көбі қоғамдық көлікпен жүреді. Кей бағыттарда автобус жетіспей, жолаушылардың 15–20 минутқа дейін көлік күтуіне тура келеді. Әсіресе, Сол жағалау аумағында жаңа тұрғын үйлер көбейіп, Есенберлин даңғылы салынғаннан кейін қоғамдық көлікке деген сұраныс артты,
• дейді тұрғын Сабыр Оспанов.
Бұл мәселеге қатысты аймақ басшысы соңғы жылдары Өскеменге 203 үлкен және 48 шағын автобус сатып алынғанын атап өтті. Қазір қалада 400-ден астам автобус қатынаса, олардың дені жаңартылған.
– Қоғамдық көлік саласына қажетті субсидия толық бөлінді. Қалада он тасымалдаушы компания жұмыс істейді, әрқайсысымен жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Onay жүйесі енгізіліп, әр бағыттағы автобустың қозғалысы, арақашықтығы мен кестенің сақталуы тұрақты бақылауда, – деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, тасымалдаушылар субсидиядан айырылып қалмау үшін қызмет сапасын арттыруға мүдделі. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жұмысқа уақытында жетуіне, оқушылардың мектепке қауіпсіз баруына мүмкіндік береді.
Ресми дерек бойынша, бүгінде Өскеменде 63 қоғамдық көлік бағыты жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта жаңа маршруттарды ашу жоспарланған. Осыған байланысты қала әкіміне аялдамаларды заманауи талапқа сай жаңарту, жол инфрақұрылымын кеңейту және автобустардың уақытылы жүруін қатаң бақылауға алу тапсырылды.



