Жаңалықтар

Өскемендік қалыңдық мәһрге 100 кітап сұрады

Өскемен қаласында неке қию рәсімі ерекше талаппен есте қалды. Жас қалыңдық өз мәһрі ретінде зергерлік бұйым не қаржылай сыйлық емес, 100 кітап сұраған. Бұл туралы қалыңдық өзінің әлеуметтік желісінде жариялады.

Жас жұбайлардың айтуынша, кітап қалыңдық үшін материалдық заттан да қымбат, өмір бойы құнын жоғалтпайтын символдық сый.

— Мен үшін жарымның жүз кітап сұрағаны күтпеген жағдай болды. Бірақ іштей біраз қуанғанымда бар. Себебі желілерде көргенмін, әйелдері күйеулерінен алтын, үй сұрап жатқанын. Ал менікі жәй ғана жүз кітап деп айтқаны, бір жағынан риза болып, екіншіден марқайып қалдым. Мен үшін жүз кітап өмір соңына дейінгі парыз сияқты көрініп тұр. Себебі әйелімнің кітапқа деген талғамы әртүрлі. Сол үшін ұнатақан кітабін, өмірімнің соңына дейін алып беремін, — деді Дәулет Саинов.

Оның айтуынша, қалыңдығының әдебиетке қызығуы отбасылық құндылықтардың бастауы болмақ.

Неке рәсімін өткізген Өскемендегі Халифа Алтай мешітінің қызметкерлері де осыған дейін мұндай болмағанын айтты. Имамның айтуынша, білімге, кітапқа деген құрметтің мәһр арқылы насихатталуы қоғам үшін жағымды тенденция.

— Күнде неке қиямыз, бірақ мәһрге кітап сұраған сіз бірінші адамсыз. Бұл – даналықтың белгісі, — деді ол.

Қалыңдық өзі таңдаған 100 кітапты болашақ отбасының рухани капиталы деп санайды.

— Мен үшін ең құнды сый – білім. Үйімізге кітап сөресімен бірге ортақ мақсат, ортақ қызығушылық келсін дедім, – дейді Әдемі Саинова.

Өскемендегі бұл ерекше мәһр талабы жастардың рухани құндылықтарға бет бұра бастағанын көрсетеді. 100 кітап – жаңа отбасының символдық қазынасына айналмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button