Жаңалықтар

Самар ауданында үш қабатты тұрғын үй жөнделуде

Самар ауылында орналасқан 24 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын.

Жөндеу жұмыстарының барысымен танысу үшін нысанға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов барды. Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына оң баға беріп, мердігер ұйымға нысанды белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталған. Тұрғын үйді пайдалануға беру биыл желтоқсан айының соңына жоспарланып отыр.

Аудан басшысы Серік Жеңісовтің айтуынша, тұрғын үйдің бірінші және екінші қабатындағы пәтерлер үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Ал үшінші қабаттағы пәтерлер мемлекеттік қызметшілерге арналған. Жоба аясында мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында сегіз пәтер облыстық бюджет қаражаты есебінен сатып алынады.

Алғашқы кезеңде тұрғын үй электр энергиясы арқылы жылытылады. Орталық қазандықтың құрылысы аяқталғаннан кейін ғимаратты орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жоспарланып отыр.

Барлық пәтерлер тұрғындарға таза әрлеумен тапсырылады. Жобада кең әрі жарық тұрғын бөлмелер, панорамалық терезелер және балконға шығу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, биыл ауданда тағы бір көппәтерлі тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Самар ауданында тұрғын үй алу кезегінде 418 азамат тіркелген. Оның ішінде 109 жетім бала, 200 әлеуметтік осал топ өкілі, 58 көпбалалы отбасы, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған 6 азамат, сондай-ақ 45 мемлекеттік қызметші мен бюджеттік ұйым қызметкері бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button