Жаңа жол ашылды — Өскемен

Шаһарда көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба іске қосылды. Ертіс өзеніндегі көпірдің астымен өтетін жаңа автожол ресми түрде пайдалануға берілді.
Жаңа жолда бағдаршамдар орнатылып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалған. Аталған бағыт Желтоқсан және Пермитина көшелерін өзен вокзалы маңында орналасқан Е.П. Славский атындағы жағалаумен тікелей байланыстырады.
Бұл өзгеріс қаладағы көлік ағынын реттеуге, кептелістерді азайтуға және жүргізушілер үшін балама бағыт ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа жол қаланың орталық бөлігін жағалау аймағымен тиімді байланыстырып, тұрғындардың қатынауын жеңілдетпек.
Қала әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақытта жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қосымша шаралар қабылданатын болады.



